Параллель оқу әдісі. Әдістің тиімділігі

Параллель оқу — бір мәтінді екі тілде оқу: ана тілінде және үйренгісі келетін тілде.
Бұл әдісті әйгілі полиглот Генрих Шлиман қолданған болатын. Генрих Шлиман есімін әдетте Троядағы қазба жұмыстарымен және атақты Приам қазынасымен байланыстырады. Бірақ оның биік шыңдарға жетуіне көмек болған оның тілдерді меңгеруге деген қызығушылығы екенін көпшілік біле бермейді.
Генрих 1822 жылы неміс шіркеу қызметшісінің отбасында дүниеге келді. Жанұяда тоғыз бала. Жоқшылық. Анасының өмірден ерте қайтуы. Генрихтің әкесінің оны мектепке жіберуге жағдайы болмайды, бірақ баласының асқан дарындылығын байқап (Генрих алты жасында оқуды үйреніп, «Илиада» және «Одиссея» шығармаларын жатқа айтатын), әкесі ұлына латын тілін үйретеді. Генрих өз бетінше гимназияның үш сыныбының материалын меңгереді де, он екі жазында төртінші сыныпқа түседі. Бірақ жақын арада отбасының қаржылық қиындықтарына байланысты, оның гимназиядан кетуіне тура келеді. Содан кейін тағы үш жыл «нақты мектепте» оқиды. Осымен оның білім алуы аяқталады.
Ал әрі қарай оған жейтін нанын табу керек болады, ол кезде еуропаға иммиграция ешкімді қызықтырмайтын, еуропалықтар ақша табу үшін Оңтүстік Америкаға баратын. Отбасына масыл болмау үшін Шлиман Венесуэлаға аттанады. Егер Орталық Америкаға бағыт алған кеме Голландия жағалауларында апатқа ұшырамаса, оның әрі қарайғы тағдыры қалай өзгеретіні, Трояны кім ашатыны белгісіз еді. Бозбала еш қаражатсыз, тіл білмей бөтен елге тап болады. Ауыр жүктер тасып, ақша табуға талпынады, бірақ ауырып қалады да, қан аралас жөтеле бастайды.
Тірі қалу қамын ойлау керек болады. Генрих алдымен осы елдің тілін үйрену керектігін түсінеді. Жарты жылдың ішінде Шлиман тек голланд тілін меңгеріп қана қоймайды, ол өзінің өте жақсы нәтиже беретін тілді меңгеру әдісін ойлап табады.
Ол кезде хат тасумен айналысатын бозбаланың жоғары білікті оқытушылардан сабақ алуға қаражаты болмаған еді. Сөздіктер мен оқулықтар да болған жоқ. Ол тілді параллель мәтіндер арқылы меңгереді. Мысалы, ағылшын тілін Вальтер Скотт романдары арқылы үйренеді. Және ол кезде ол үшін «Квентин Дорвард» өткен ғасырлардың шығармасы емес, бүгінгі тілмен айтатын болсақ, «бестселлер» болған еді. Ол қазіргі заманғы жасөспірімнің «Гарри Поттер» немесе «Властелин колец» шығармаларның түпнұсқасы мен аудармаларын салыстырып отырып оқығанымен тең болар еді. Бірінші кезеңде, мәтінді ағылшынша және немісше оқып болған соң, Шлиман ағылшын тіліндегі мәтіннің бір бөлігін жаттап алады. Шлиманда ерекше қабілетті визуалды жад болғандықтан, ол жиырма бетті мәтінді жатқа есіне сақтайтын. Ол жаттамайтын, тек есіне сақтайтын.
Шлиман стратегиясының келесі қадамы осы күні оқыған мәтінін негізге ала отырып, еркін тақырыпта шығарма жазу болатын. Мұнда атап өтетін жайт, ол сол мәтіннің мазмұндамасын жазбайтын, керісінше, өзіне не мағызды, өзін не толғандыратыны жөнінде ағылшын мәтініндегі есте қалған сөздер мен сөз тіркестерін қолдана отырып жазатын.
Келесі қадамды біз қазір кезде «кері байланыс» деп атар едік. Нағыз ағылшын тілі мұғалімін жалдауға қаражаты болмағандықтан, Шлиман оның орнына сауатты ағылшын теңізшісін пайдаланады. Жазылған шғарманың қателерін тексерту ол үшін маңызды еді.
Тек оның мәтіні толығымен қатесіз екеніне көз жеткізген соң ғана ол бұл мәтінді жаттап алатын. Оқытушымен келесі кездескенде ол бұл мәтінді жатқа айтып, дұрыс айтылған, айтылмағанын тексертіп алатын. Шлиман стратегиясының тағы бір мағызды компонентіне назар аудару қажет: тек толығымен сенімді мәтінді ғана есте сақтау керек, бұл жазылумен қатар айтылуға да қатысты. Міне сондықтан Шлиман мұғалімінің мәтінді қалай оқитынын тыңдап алу қажет болды, содан кейін ғана ол мәтінді өзі дауыстап оқып, айтылуын тексертіп алатын.
Сөздерді айту дағдысын дамыту үшін Шлиман Амстердам шіркеуіне барып, өз тілінде жатқа білетін Қасиетті Хатты шіркеу қызметкері ағылшынша қалай айтатынын мұқият тыңдап, ішінен қайталап отыратын.
Және соңғысы. Егер оқу режимін қозғамаса, Шлиман әдісі толық болмас еді. Генрих Шлиман тілді меңгерумен күнделікті айналысты. Күніне бес сағаттан, яғни барлық жұмыстан бос уақытында.
Бұл әдістің нәтижесі керемет еді. Осы әдіс арқылы ол жарты жылдың ішінде әрі жазбаша, әрі ауызша тілді меңгеріп шығады. Ағылшын тілін жарты жылда игеріп, ол француз тілін үйренуге көшеді. Генрих өз әдісінің нәтижелі екеніне көз жеткізіп, оқу қарқындылығын азайтпай, ол тілді меңгеру мерзімін қысқартады. Француз тілін үйрену үшін ол төрт айдан кем уақыт жұмсайды. Бұл кезде оны жұмыстан шығарып тастайды. Бірақ төрт еуропалық тілді білуі (неміс, голланд, ағылшын және француз) ол үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Шлиман «Шредер» халықаралық сауда компаниясының амстердамдық кеңсесінде корреспондент қызметіне, яғни іскерлік корреспонденциямен айналысатын қызметкер ретінде орналасады. Өзінің коммерциялық міндттерімен қатар ол тағы үш тілді меңгереді: италия, португалия және испан тілдерін. Және әрқайсысын меңгеру үшін тек алты апта ғана жұмсайды. Кейіннен тағы көптеген тілдерді меңгереді. Көп тілді білуі оның миллионер болуына көмегін тигізеді. Шлиман 1867 жылы бүкіл әлемді шарлап шығып, Итака аралында және Троя жерінде кішігірім археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу арқылы «Итака, Пелопоннес және Троя» (1869) атты кітабын жазып шығады. Бұл кітапты тіпті Росток қаласының университетіне диссертация есебінде жібереді. Автордың бірнеше тілдерді еркін меңгерген (ол бірнеше еуропалық, бірнеше шығыс тілдерінде, бас-аяғы 21 тілде еркін сөйледі) қабілеттілігіне қарап (Шлиманға бір тілді еркін меңгеріп алуына бір апта уақыт толық жететін болған) құрмет ретінде оған философия докторы атағын береді.
Параллель оқудың тіиміділігі:
1. Тілді сезінуді дамыту
Параллель оқудың басты артықшылығы — тілді сезінуді дамыту, тілді жорамалмен түсіну. Яғни, бір мәтінді әр түрлі тілдерде оқып және салыстыру арқылы ағылшын тіліндегі сөйлем құрылымын, оның құрылу қағидаларын, қандай да бір сөйлем мүшелерін қолданудың ерекшеліктерін ақырындап түсіне бастауға болады.
2. Ағылшын тіліне «толығымен сүңгу»
Түпнұсқадағы кітап мәтіндері ағылшын тілін оқу үшін тілдік орта құруға мүмкіндік береді. Тіл үйренуші мәтінді оқып отырған кезде ағылшын тілінің табиғи ортасына «сүңгу» мүмкіндігіне ие болады.
3. Ағылшын тілін экстенсивті әдіспен оқу
Кейде тілді үйренушілер жаттығулар жасау, жаңа сөздерді жаттау және оқытушымен сөйлесу сияқты ағылшын тілін меңгерудің интенсивті әдісін азырақ күш жұмсайтын экстенсивті әдіске алмастырғысы келеді. Параллель оқу әдісі «оқусыз оқуға» мүмкіндік береді, яғни ағылшын тілін меңгеруге пайдасын тигізе отырып, өзіне қызықты кітапты оқуға болады.
4. Грамматикасыз оқу
Параллель оқу әдісін жақтаушылардың айтуы бойынша бұл — балалардың ана тілін меңгеруіне ұқсас, тілді табиғи түрде оқу әдісі. Бала бірінші күннен-ақ тілдік ортаға түседі, грамматиканы оқымайды. Осылайша ол қасындағылардың айтқанын қайталай беру арқылы сөйлеуді үйренеді, ал грамматиканы ол кейіннен ғана оқи бастайды.
5. Азырақ алаңдап, көбірек сүйсініп оқу
Ағылшын тіліндегі кітапты оқу барысында әрқашан танымайтын сөздерді кездестірген кезде мәтіннің мағынасын түсіну үшін оларды үнемі сөздіктен іздеп отыруға тура келеді. Параллель оқу кезінде ондай қажеттілік туындамайды: оқырманның көз алдында бүкіл мәтіннің аудармасы болады да, сөздікке жүгінудің қажеттілігі болмайды.
6. Көру жадын дамыту
Оқу кезінде көру жады жұмыс істейді, сондықтан мәтінде кездескен сөздер мен сөйлемдер жақсы жатталады. Егер адам әсіресе көретін ақпаратты жақсы есінде сақтай алса, бұл әдіс ол үшін жақсы әдіс болып табылады.
7. Контекстідегі сөздерді есте сақтау
Мәтінді оқу барысында жиі кездесетін сөздер және оларды сөйлемде қолдану принциптері есте сақтала бастайды. Осылайша көп күш жұмсалмай жаңа лексика меңгеріледі.
Параллель оқу әдісін қалай тиімді қолдануға болады:
1. Алдымен тіл негіздерін үйреніп, содан кейін ғана оқуға кірісу
Ағылшын тілін үйренуді енді бастағандар үшін параллель мәтін оқудың еш мағынасы жоқ. Бұл әдісті Elementary деңгейінен бастап қолданған тиімді.
2. Оқу ережелерін үйреніп алу
Оқу ережелерін білу — параллель мәтін әдісін қолданудың қажетті шарты. Қарсы жағдайда мұндай жаттығулар пайдадан гөрі зиянын әкеледі.
3. Мәтіннің аудио жазбасын тыңдау
Ағылшынша сөздердің айтылуын түсіну үшін ағылшын мәтініне дыбысталуын тауып тыңдаған дұрыс. Ол үшін Text-To-Speech технологиясын пайдаланатын арнайы бағдарламаларды қолдануға балады, мысалы, neospeech.com.
4. Алдымен қазақ тіліндегі сөйлемді оқып, одан кейін ағылшын тіліндегі аудармасын оқу.
Негізінен, керісінше де оқуға болады, яғни алдымен ағылшын тілінде, содан кейін қазақ тілінде. Бірақ егер оқырман сөйлем құрылымын түсінгісі келсе, ұсынылған әдіспен оқыған ыңғайлы. Осылайша, ол алдымен қазақша оқып алып, автоматты түрде ағылшын және қазақ сөздерін сәйкестендіріп, сөйлем құрылымын түсіне алатын болады. Бұл оның тілді сезіну дағдысын қалыптастырады.
5. Көп және жиі оқу
Параллель оқу әдісі тек егер ұзақ және жиі оқыса кезде ғана көмектеседі, ең дұрысы күнделікті оқу. Сондықтан, осы әдіс арқылы тілді меңгергісі келсе, күніне кем дегенде 25-30 минут жұмсау керек.

Мукушова Гульмира Кусайыновна, преподаватель специальных дисциплин, РГКП «Семипалатинский финансово-экономический колледж имени Рымбека Байсеитова», г. Семей, ВКО