ТІЛДІ ҮЙРЕТУДЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУ

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында». Н. Ә. Назарбаев

Қазіргі заман талабы – оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Оқытудың жаңа технологияларының бірі – ақпараттық технология. Ақпараттандыру технологиясының дамуы кезеңінде осы заманға сай білімді, әрі білікті мамандаға тіл үйрету — мұғалімнің басты міндеті.

Электрондық оқулықты пайдалану мұғалімнің де ғылыми-әдістемелік потенциалын дамытып, оның сабақ үстіндегі еңбегін жеңілдетеді. Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген педагог өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған, интерактивтік тақтаны пайдалана алатын, Он-лайн режимінде жұмыс жасау әдістерін меңгерген мұғалім болуы тиіс. Білім беретін оқу орындарын қазіргі заманға сай жаңа ақпараттық құрал – жабдықтармен жабдықтау, интерактивті тақталармен, мультимедиялық кабинеттермен және арнаулы пәндер бойынша электрондық оқулықтармен қамтамасыз ету басты мәселе.

Көптеген жаңа технологиялармен қатар соңғы кездері қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабақтарында ақпараттық технологиялар жиі қолданылуда. Жаңа ақпараттық технологиялар дегеніміз – білім беру ісінде ақпараттарды даярлап, оны білім алушыға беру процесі. Бұл прцесті іске асырудың негізгі құралы компьютер болып табылады, сол себепті қазіргі мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, мамандық шеберлігі қалыптасқан жаңа ақпараттық технологиялардың тілін білетін мұғалім қажет. Соңғы кезде уақыт көрсетiп отырғанындай, мұғалiммен салыстырғанда оқушыда көп ақпарат болатынын кейiнгi көрсетiлген тәжiрибелер дәлелдеп отыр. Сондықтан әрбiр мұғалiм өз қызметiне ақпараттық технологияны пайдалана бiлуi қажет. Ақпараттандырудың негiзгi мiндеттерiнiң бiрi – мектепте компьютердi оқыту құралы ретiнде қолдану, интернет-технологияларды қолдану. Күнделікті сабаққа бейне, аудио қондырғыларын, теледидар мен компьютерді қолдану айтарлықтай нәтижелер беріп келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: « Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады». Мұғалімнің ізденісі, жан-жақтылығы айтылып кеткен құзыреттілік арқылы айқындалады. Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, мектеп пәндерін оқыту процесінде компьютерді қолдану мұғалім мен оқушы қарым-қатынасы жүйесін, олардың іс-әрекеттерінің мазмұнын, құрылымын өзгерте отырып, түрлендіре алады және олардың эмоционалдық ортасына, сезімнің өсуіне әсер етеді.
Енді, осы ақпараттық технологияларды жүзеге асырудағы жұмыс түрлеріне тоқталып өтейін. Ақпараттық технологиялардың бірі – интерактивтік тақта, мультимедиялық және он-лайн сабақтары. Өзім қызмет жасайтын мектепте жаңа ақпараттық технологияларды қолдану кеңінен қарастырылған. Мектеп кебинеттерінде интерактивті тақта орнатылған. Сондықтан бұл тақтамен әр сабақты қызықты өткізуді ойластырып, жоспарлаймын. Жаңа ақпараттық технологияның негізгі ерекшелігі – бұл оқушыларға өз бетімен немесе бірлескен түрде шығармашылық жұмыспен шұғылдануға, ізденуге, өз жұмысының нәтижесін көріп, өз- өзіне сын көзбен қарауына және жеткен жетістігінен ләззат алуға мүмкіндік береді. Ол үшін мұғалім өткізетін сабағының түрін дұрыс таңдай білуі қажет.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқытуда да ақпараттық технологияларды қолданудың мүмкіндіктері өте мол. Мәселен, 7-сыныпта әдебиетпен танысу батырлар жыры түсініктен басталады. Бұл блокта оқушылар жыраулар поэзиясымен, шешендік сөздер т,б, сияқты ауыз әдебиеті үлгілерімен танысады. Оқушылардың батырлардың, шешендердің, жыраулардың жырларын түсініп, есте сақтауын қамтамасыз ету мақсатында интерактивті тақтаның көмегі зор. Дулат Бабатайұлының, Сүйінбай Аронұлының, Абайдың өмірлерімен танысып, шығармаларын түсінеді. Оқушыларға әуелі слайд көрсету арқылы өлең авторының өмір жолымен таныстырып, осы өлеңнің шығу тарихына ерекше тоқталып, мазмұнын меңгертіп, электронды оқулықта берілген әр түрлі интерактивті тапсырмаларды орындатамын. Мұғалім тақтаның сурет салу редакторы арқылы тақтада мақалдарды ребус түрінде береді, оқушылар сол ребусты шешеді. Келесі сабаққа өздері де ребус ойлап тауып, тақтаға салып, басқа оқушылардың шешуін сұрайды. Өлең авторларының өмір жолымен хонологиялық кестелер құрастырады. Орта буын оқушылары 6-7 сыныпта «Қазақстан қалалары» деген тақырыпта өздерінің слайдтарын жасап, қалаларға экскурсияны интерактивті тақтамен жүргізеді. Жоғары сыныптарда роман, әңгімелерді оқыту үлкен қиыншылықтарға әкеп соғады, себебі балалар кітап оқып отырғаннан компьютерде көбірек отырғанын қалайды. Осы мәселенің шешуін де ақпараттық технологиялар көмегімен табуға болады. Мәселен, романды оқуға екі немесе үш сағат берілсе, білімді бекіту сабағында электронды оқулық бойынша тест және т.б. бақылау түрлерін өткізу, оқушылармен пікірталас жүргізуге болады. Үй тапсырмасы ретінде шығармашылық топ құрып, соларға осы роман немесе әңгімеден үзіндіні кино қылып түсіріп, келесі сабақта интерактивті тақта арқылы сол киноны сыныпқа көрсетуге болады. Міне, осындай ақпарат құралдарының көмегімен сабаққа қатысу белсенділігі төмен оқушылардың да қызығушылығын арттыруға болады. Мәтін көлемі де шағын болғаны дұрыс. Тақырыпқа қатысты сөздік санының көлемі 7-10 сөзден аспағаны дұрыс. Тақырыпқа қатысты мәтіндер сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға көп көмегі бар. Оқушылардың жеке шығармашылық шеберлігін көтереді. Сабақтағы материалдар сапасы жағынан биік болуы, сөйлеу, сұхбат алу амал-әрекеттерін бірде баяу көрсетілсе, екіншісінде шамалы жылдамдықпен беріп, түсінбеген жерлері бар болса анықтап, қайта көруге немесе тыңдауға да мүмкіндік туғызады. Тілді жақсы меңгеру үшін интерактивті ортаның болуына әсер етеді және қарым-қатынастық механизмінің пайда болуына ықпал етеді.

Қазақ әдебиеті сабақтарында ақпараттық технология келесі жұмыс түрінде де қолданысын табады. Бұл оқушылардың аса шығармашылығын талап ететін жұмыс. Бұл жұмыс түрін жүргізгенде оқушылар техникалық құралдарды қолдану арқылы жобасын дайындайды. Мәселен, сабақта ақын-жазушының шығармашылығымен танысу үшін арнайы топ құрылып, тақырып бойынша терең мағлұмат жинап, онымен бүкіл сыныпты таныстыру мақсатында балалар кітапханаға барып ізденіп, тақырыпқа байланысты материалдарды суретке түсіріп, жалпы толық бейнематериал жинақтайды. Жиналған мағлұматтарды компьютер арқылы өңдеп, қысқаша деректі фильм етіп шығарады. Содан соң бұл фильмді сабақ үстінде сынып назарына ұсынады. Осындай өзгеше жұмыс түрлерін өткізу арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың пәнге деген қызығушылығын оятуға, тілді үйренуге, дарынды тұлғаны қалыптастыруға әбден болады.

Жаңа ақпараттық технологияның басты тиімділігі – бұл мұғалімге қазақ тілі мен әдебиет сабақтарындағы оқу үрдісін түбегейлі өзгертуге, оқытудағы пәнаралық байланысты күшейте отырып, оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге және қабілеттерін көре біліп, оны дамытуға толық жағдай жасауы. Сабақта компьютерді пайдаланудың тиімділігін былай саралап көрсетуге болады. Оқушы мен мұғалімнің оң қатынаста болуына ықпал етеді. Олай дейтініміз, оқушылар компьютермен тікелей қатысты болғандықтан өзін еркін сезінеді. Компьютермен жұмыс барысында оқушылардың белсенділік, жауапкершілік және өзіндік шығармашылық қабілеттері қалыптасады. Оқушы өз бетінше еңбектенеді. Өз еңбегінің нәтижесін көреді. Өзін-өзі қадағалауға мүмкіншілік туады. Тапсырмаларды мұғалімнің көмегінсіз орындайды. Сол арқылы ойлау және есте сақтау қабілеттері дамиды. Берілетін материал бірсарынды болып, тек мұғалім ғана сөйлейтін болса, балалар тез шаршап қалады да, сабақ сәтсіз аяқталады. Осындай көңілсіз жағдайларды болдырмау үшін қазақ тілі мен әдебиет сабағында компьютер арқылы оқушылардың белсенділігін арттыратын элементтер қолданылады.

— Мысалы, СТО стратегияларын, дидактикалық үлестірмелер, түрлі ребустар, суреттермен жұмыс кросвордтарды жатқызуға болады. Бүгінгі күні кез-келген оқытушы қазақ тілі пәні болсын, басқа пәндер болсын ақпараттық және коммуникативтік технологияны пайдалану арқылы әртүрлі сабақтарға әзірлемелер дайындап және оны жоғары деңгейде өткізе білсе, сабақтың тартымды әрі қызық болатыны анық. Мысалы, 8 сыныптағы қазақ тілі сабағында «Халық болжамы» тақырыбын өткен кезде алдын – ала дайындаған сурет, сызба және қозғалыстағы көріністер арқылы білім игертуді жүзеге асырдым. Орыс мектептерінде жаңа сөздердің көбі баланың есінде қалмайды, оның себебі, сөзді түсінбеуде, түсінбеген сөз қабылданбайды, бала жадында сақталмайды. Бірыңғай түсіндіру, сөзді түсінбей жаттатуды қолдану оқушы іскерлігін дамытпайтындығын тәжірибе көрсетті. Сондықтан баланы бір затпен таныстырмақшы болсақ, сол зат туралы сөйлеп қана қоймай, алып келіп балаға көрсет — деп, кезінде Мағжан Жұмабаев айтқандай, интерактивті тақтаны сабақта дидактикалық оқыту құралы ретінде пайдалану керек. Сол үшін жаңа сөздерді таныстырып, танысқан сөздерді жыбырлаған сурет арқылы көрсетіп түсіндіруде ақпараттық – коммуникациялық технологияның атқаратын рөлі зор екендігіне көзіміз жетті. Бұл «Халық болжамы» сабағын түсіндірмес бұрын, ой қозғау мақсатында оқушыларға сұрақ қойылады, оқушы пікірі, жауаптары тыңдалып болған соң, халық ауа-райын қалай болжағаны туралы қозғалыс суретін, қимылдар арқылы көрсетіп, яғни мультфильм сияқты көрсеттім. Сол қозғалыс суреттер арқылы оқушы сөйлей алады сонымен қатар сурет астында жасырынған жауапты көру мүмкіндігі беріледі. (осы сабағымның бір сәтін көру үшін экранға назар аударайық) Мұнда оқушы жаңбыр жауарда құстардың, жәндіктердің ауа-райын қалай болжағаны туралы көру арқылы, есте сақтайды, тілдерін жаттықтырады. Сонымен қатар, өз білімін өзі тексере алады және пәнге деген қызығушылығы оянады.

Оқушылар қазақ тілі сабағында компьютерді іске қосып, бағдарламалар кітапханасынан керегін алып пайдалана білуге, онымен мәтін жазуға, керек ақпаратты іздеп табуға, сурет салуда пайдалануға және т.б. үйренеді. Компьютерлер мен интерактивті тақтаны оқушылардың тілдік құзіреттілігін, шығармашылық потенциалын дамыту құралы ретінде пайдалану — эстетикалық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға көмектеседі.

Ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім — мектептің жүрегі» деген екен. Онда «мектептің жүрегі» болумен қатар, жаңа егемен еліміздің ұрпағына жаңа білім нәрін сусындатып, саналы тәрбие, сапалы білім беретін білікті, білімді ұстаз болайық.

ӘДЕБИЕТТЕР
1. Білім заңы. Алматы, 2007 ж
2. К.Құдайбергенова «Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерийі» (ғылыми-практикалық конференция материалдары) Алматы-2008 ж
3. «Әдіскер жаршысы» №5, 2006 ж, 44, 45 бет
4 . «Информатика негіздері» №4 2005 ж, 2, 30, бет
5. «Информатика негіздері» №1 2004 ж, 14,16 бет
6. Педагогика журналы №2-2009 ж
7. С.Т.Мұхаметжанова, Ж.Ә. Жартынова, Интерактивті жабдықтармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері. Алматы, 2008ж

Сидахметова Асия Рымбековна, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, Рудный қаласы әкімдігінің «№3 орта мектебі» КММ