БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ — ЕРЕКШЕ ТҰЛҒА

Жас ұрпаққа тәрбие беру, ұстаздар жайлы сөз еткенде білім мен тәрбиенің бастауында тұрған бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбектерін ерекше атап өткен артық емес.
Анасының әлдиін ұмыта қоймаған әр отбасының еркесіне жүрегінің жылуын сыйлап бауырына басатын «білім» деген құдіретке бас игізіп, мектепке деген махаббатын оятатын алғашқы ұстаздың орны кімге болса да ерекше. Бастауыш сынып мұғалімі – ерекше тұлға. Өйткені ол – балалар мен үлкендер әлемінің арасындағы сарапшы. Бастауыш сынып мұғалімінің еңбегін өзге еңбекпен салыстыруға болмайды, себебі ол еңбектің жемісі – адам. Абай атамыз «Адамның адамшылығы — ең алдымен, жақсы ұстаздан» деген. Ұстаздық қызметтің қиындығы да аз емес. Себебі, ол бір екі ғана баланы тәрбиелемейді. Ол қабілеті мол бейімділігі, қызығушылығы, мінез-құлқы, түсінігі мен көзқарасы әр деңгейдегі жасөспірімдерді тәрбиелейді, оқытады, біліммен сусындатып, өмірге жолдама береді. Мұғалім еңбегінің ерекшелігі оның баламен үнемі қарым-қатынаста болуымен және рухани араласымен сипатталады.

Шәкірттің жақсы болуы-ұстаздың айтқан сөзіне ғана емес, көрсеткен үлгісімен сабақтасып, байланысып жатады. Ұстаз-бәрінен бұрын тәрбиеші. Ол оқыту мен тәрбиені қатар алып жүруші.
Әрбір ұстаздың негізгі мақсаты – алдында отырған оқушыға сапалы білім беру, әрі алған білімін тәрбиемен ұштастыра білу. Баланы оқыта отырып, оларды шығармашылық бағытта жан – жақты дамыту. Оқушыларын шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділігін, қызығушылығын арттыру үшін барын салады. Ұстаздың негізгі құралы – сабақ. Сол сабақта әртүрлі әдіс – тәсілдерді қолдану үшін, әрбір өтілетін сабағын заман талабына сай өткізу үшін мұғалім үнемі ізденісте болады. Әрбір шәкіртінің «адам» болып қалыптасуына, қайталанбас тұлға болуына ықпал етуде барын жұмсайды, еңбектенеді. Өзінің де өзгенің баласы үшін қуанып, қызарады.

Ата – аналарына бала тәрбиесі, баланың жеке басының қалыптасу жолдары мен даму заңдылықтары туралы дәрістер оқып, үнемі ата – аналармен де тығыз байланыста болатын да осы ұстаздарымыз.
Қорыта айтқанда баланың бойына жақсы адамгершілік қасиеттерді сіңіру, өнер –білімді игерту, салауатты өмірге және өскен ортаға тәрбиелеу, үлгі –өнеге беру ұстазға байланысты. Осыны жақсы түсінген халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Тәрбиесін тапса адам болар, оқуын тапса білім қуар» деген ұстаз еңбек етуден талмайды, қиындыққа мойымайды, шәкірттерінің жетістіктеріне куә болған сайын, шабыттана түседі.

Советбекова Айнур Советбековна, бастауыш сынып мұғалімі, «№ 23 ЖОББМ» КММ, Семей қ., Шығыс Қазақстан облысы