ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕСЕБІ

Мұғалім – мектептің басты тұлғасы. Мемлекеттің білім саясаты осы мұғалім арқылы жүзеге асырылады. Ал, бүгінгі таңда мұғалім міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру. Мұғалімдердің ортақ мақсаты – жеке тұлғаны қалыптастыру болса, оқушы бойынан табылатын жақсы қасиеттердің бәрі мұғалімнің де бойында болуы керек. Мұғалім өз білімін үнемі толықтырып отыруына, оқыту мен тәрбиелеудегі заманауи әдіс-тәсілдермен, ақпараттық құралдарды қолдану тәсілдерін меңгерген шығармашылықпен жұмыс жасауды мақсат ете білуі керек. Сондықтан, мен өзімнің ұстаздық тәжірибемде заманауи оқыту технологиясының элементтерін жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде үнемі қолданып отыруға тырысамын.
Әдістемелік тақырыбым:
«Графикалық органайзерлер технологиясын қолдана отырып, оқушылардың графикалық бейнелеу жұмысы арқылы бейнелік ойлау қабілетін дамыту, тілдік қорын молайтуға баулу ».
Мұғалім ретінде –
оқушылардың қазақ тілі мен әдебиет пәнін терең игеруіне құштарлығын, алғырлығын арттыру, ойлау қабілетін жетілдіру, пәнге деген қызығушылығын арттыру, сабақ барысында терең де, тиянақты білім беру мақсатын көздеймін.
Менің педагогикалық ұстанымым –
мұғалім — тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар тәрбиелеуші ана. Сондықтан да менің мұғалімдік жолымдағы бірінші ұстанымым: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішін, киген киімімен де оқушысына жақын мағынада қатты әсер етеді», — деген ақын- жазушымыз Мәлік Ғабдуллиннің нақыл сөзін алуды жөн көрдім. Және де Мұзафар Әлімбаевтың мына сөздерін: «Ұстазым, алдыңды ойла, батыл көсіл. Өзіңе үлгі болар шәкірт өсір». Екінші ұстанымым: «Ұстаз – үйрену барысында ғана ұстаз, ал үйрену тоқтаған күні ұстаздық та тоқтайды»,- деген Ушинскийдің айтқан сөзіне тоқталып, өзімнің ұстаздық жолымда тәлімгер, ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алып, өз қызметімде жаңашылдықтарын қолданып, биік белестерге жетелеу.

Менің пәнді оқытудағы мақсатым-
жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру. Өз ойын нақты жеткізіп, шешен де ойлы сөйлей білетін рухани бай, дүниетанымы жан-жақты дамыған, өзін-өзі басқаруға, бір-бірінің пікірін тыңдап, бағалай білуге қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу;
Қазақ тілі мен әдебиет сабағында оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру және дамытудың тиімді әдісін қалыптастыра білу.

Алдыма қойған міндеттерім-
* Оқытудың жаңа әдістерін, көбіне графикалық органайзерлер технологиясын сабақ түріне, оқушының жас ерекшелігіне сай таңдай отыра, оқушылардың білімін арттыру;
* Оқушылардың өз бетімен ойлауы мен қиялына тиімді жағдай жасау және өзгермелі өмірде еркін өмір сүруге бағыттау;
* Ынтымақтастықпен жұмыс жасайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын бүгінгі заманға сай азамат тәрбиелеу;
* Білімі мен білігіне сай келетін бағдар таңдап алатындай дәрежеде тәрбиелеу.

Мақсат пен міндеттерді орындаудың құралдары-
1. Әдістемелік құралдар:
* «Қазақ тілі мен әдебиет» әдістеме журналы
* «Қазақ, орыс мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» әдістеме журналы
* Әдебиетті оқыту әдістемелері
* Дидактикалық материалдар
* «Сыныптағы тәрбие» журналы
2. Жұмыс түрлері:
Топтық, жекелей, жалпы сыныптық оқыту, тест, деңгейлік тапсырмалар, шығармашылық жұмыс, графикалық диктант, сызбалармен, кестелермен жұмыс, зерттеу жұмыстары, сайыс кештер, коллаж жасау, постер құру одан басқа да әдіс-тәсілдерді қолданып, қазіргі өмірмен байланыстыра оқыту.

3. Дидактикалық материалдар:
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатын жүзеге асыру үшін сабағымда: тірексызбалар, кестелер, суреттер, бүктемелер, постер, коллаж, интернет материалдары, слайдтар, аудио-видео материалдары, электронды оқулықтар, т.б. қолданамын және кері байланыс жасап, бірін-бірі және өз-өздерін бағалай алуын үйретемін.

Өз мақсатым мен міндеттерімді жүзеге асыру —
Әр күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай ертеңгі болашақ, жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілікті жүктелетінін біліп қана қоймай, үздіксіз ізденуді, өз білімімді үнемі жетілдіріп отыруды талап еттім. Өйткені еліміздің ертеңі — жас ұрпақтың қолында.
Бүгінгі жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты дамыту, жаңаша оқыту, тәрбиелеу қажет. Сондықтан да қазіргі білім беру саласындағы өзгерістерді дұрыс қабылдап, оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, бүгінгі заман талабына сай ұстаз болу мүмкін емес. Мұғалімдердің ортақ мақсаты – жеке тұлғаны қалыптастыру болса, оқушы бойынан табылатын жақсы қасиеттердің бәрі мұғалімнің де бойында болуы керек. Мұғалім өз білімін үнемі толықтырып отыруына, оқыту мен тәрбиелеудегі заманауи әдіс-тәсілдермен, ақпараттық құралдарды қолдану тәсілдерін меңгерген шығармашылықпен жұмыс жасауды мақсат ете білуі керек.
Бағытты білім беруде жаңа технологиялардың жеке тұлғаның дамуына әсері мол. Кіріктірілген қазақ тілі және әдебиет пәндерін оқытуда жаңа технологиялардың элементтерін қолдана отырып, графикалық органайзерлер, сыни тұрғысынан ойлау технологияларына ерекше көңіл бөлемін. Өйткені, бұл технологиялар баланың жеке мүмкіндігіне бағытталған.
Оқушыларды ойлауға үйретуде, тілдерін дамытуда екі түрлі түсінік күнделігі, еркін жазу, дөңгелек үстел, үш қадамдық сұхбат, бес жолды өлең, эссе, түртіп алу сияқты стратегиялардың тиімді де ұтымды жақтары көп. Осы аталған стратегиялардың бірнешеуі әр сабағымда қолданыс табады. Мазмұны өте күрделі шығармалардың мәнін жете түсінуде, грамматикалық тақырыптарды жетік білуде графикалық органайзерлерді қолдану оқушыларға көп көмегін тигізеді. Сабақ барысында белгілі тақырыптарға графикалық органайзерді жасатып қойсақ, күнде көзбен көру арқылы есте сақтау дағдылары дамиды. Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артады. Топпен жұмыс істеу, бір-біріне деген қарым-қатынастары кеңейе түседі. Сонымен қатар бір-бірін тыңдай білуі, белсенділіктері артады. Шығармашылық қабілеттері де дами түседі.

Сонау ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытовтың «Сабақ беру бұл үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол- жаңадан жаңаны табатын өнер»,- деген екен. Сондықтан соңғы үш жылда «Спорт түрлері», «Футбол», «Менің елім», «Қыс айлары» т.б. атты ізденіс сабақтарым жаңа әдіс — тәсілдерді қолдану арқылы заманауи талапқа сай өз дәрежесінде өтті. Осы аталған сабақтарымда графикалық органайзерлердің мына түрлерін жиі қолданамын: кластер құру, Венн диаграммасы, Балық қаңқасы, Қос диаграмма, постер жасау./сурет 1,2,3,4/. Сонымен қатар «3 қадамды сұхбат», «Қыдырма сұрақтар», «Блум таксономиясы», «Эстафета», «Кемпірқосақ», «Синквейн» атты әдіс – тәсілдерді қолдандым. / сурет 5,6,7/. Оқылған материалды талдамас бұрын басты кейіпкерге сипаттама беруде дара диаграмманың маңызы зор. Дара диаграмма арқылы оқушы сол кейіпкерге қатысты барлық ақпараттарды осының ішіне жазады, талдайды. Яғни бұл сызба арқылы кез келген оқушы басты кейіпкер туралы өз көзқарасын жаза білсе, мұғалім оқушының қаншалықты мәтін мазмұнын меңгергендігін байқайтын болады. Мысалы, «Мақта қыз бен мысық» ертегісіндегі Мақта қыз бейнесіне тоқталайық

Мақта қыз Адал дос – үнемі мысық екеуі дос болып жүреді;
Мақта қыз Еңбекқор – үйін жинап, үй шаруасымен айналысады;
Мақта қыз Қайырымды – тауып алған мейізін өзі жалғыз жемей, мысығымен бөліскісі келді;
Мақта қыз Тік мінезді – шақырғанда мысығының келмей қойып, мейізді өзі жеп алып және мысық қатығын төккені үшін, оның құйрығын кесіп алуы;
Мақта қыз Ақылды – мысықтың төккен қатығының орнына басқа қатық алдыртуы;
Мақта қыз Кешірімді – қатық алып келген мысығының құйрығын қайтарып беруі.
Осы ертегіні сабақта талдай отыра, «1- мамыр – Бірлік күніне» сахналық көрініс көрсеттік. /ведио материал/
Енді графикалық органайзерлердің келесі түрі қос диаграммаға тоқталайық. Бұл сызба арқылы мәтіндегі бірнеше кейіпкерге талдау жасауға болады. Мысалы, қос кейіпкерлердің образын салыстырып көрейік. Екі образ екі түрлі болғанымен кез келген шығармада ортақ сипаттар табылатыны белгілі. Осы тұста қос диаграммаға ортақ торларға екі кейіпкерлерге қатысты ақпараттарды жазамыз. Мысалы, Ы.Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесіндегі Асан мен Үсен образдарын талдап көрейік:

Асан – бай баласы, Үсен – жарлы баласы
Асан – ерке, Үсен – ақылды
Асан – шыдамсыз, Үсен – шыдамды
Асан – жалқау, Үсен – еңбекқор
Асан – ойлау қабілеті төмен,
Үсен – ойлау қабілеті жоғары
Енді Венн диаграммасы арқылы Асан мен Үсеннің ортақ сипаттарына тоқталайық: Асан мен Үсен екеуі құрдас, Асан мен Үсен екеуі де бірге ойнайды. Асан мен Үсен екеуінің де толық отбасы бар.
Бұл диаграмманың артықшылығы, оқушы екі образды талдауға үйренеді, екі түрлі пікір айта біледі, салыстыра алады. Әр нәрседен жақсылық пен жамандықты тани алады. Ал мұғалім болса, оқушының жауабы арқылы оның қаншалықты салыстырмалы талдау жасай алуға қабілетінің бар екендігін танитын болады.
Венн диаграммасы – оқушыларды синтез /анализ/ бағалау жоғары деңгейдегі ойлау қызметіне әкелетін салыстыра білу қабілетін дамытуда қолданылады. Сабақты бекіту үшін, грамматикалық ережелерді салыстыру үшін бұл стратегия тиімді болып есептелінеді, бірақ қызығушылығын ояту кезеңінде де пайдалануға болады.
1.Жеке, кейін жұппен салыстырылған құбылыстардың айырмашылығы немесе ұқсастығын ойлау үшін уақыт беріледі.
Торлы диаграмма – негізгі идея, негізгі идеядан бөлімдер кетеді, бөлімдерден бөлшектерге тарқатамыз. Оқушылар ары қарай өздері өрбітеді. Қазақ тілінде негізгі үлкен бір бөлім біткеннен кейін оқушыларға қорытынды сабақтарына беруге болады және әңгімелерді талдауда өте тиімді
Себеп-салдар диаграммасы кейде балық қаңқасы деп те атайды.Шығарманың бастысебеп-салдарын анықтап, кейіпкерлер бойынша ой қалыптастыруда, жүйелеудегі тиімді әдіс. Бұл сызба арқылы да оқушылар өмірдегі жағымды, жағымсыз жайттарды салыстыра алып өз пікірімен дәлелдей алатын болады. Сол себепті, оқушылар бойындағы зерттеу қабілеттері арқылы әртүрлі идеялар туындайды. Бұл тапсырманы орындау арқылы оқушылардың функционалды сауаттылық қабілеттері дамиды. Тапсырманы орындау барысында мына себептердің жауабын негізге ала отыру қажет: Мысалы, Проблемаға әсер ететін факторларды (бірінші реттегі себептер) анықтау. Әр факторға әсер ететін екінші, үшінші, ары қарайғы кезектегі себептерді табу.
Мысалы, Ы.Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесін балық қаңқасына салып, талдап көрейік:

— Басты мәселе, Әкесі баласына тағаны ал деуі;
— Себебі, баланың ерінуі, мәселе әкесі тағаны алуы;
— Себебі, бала шиені жегісі келіп, шиені жерден көтеріп алуы;
— Әкесі баласына тағаға 1 рет еңкейгенге ерініп, шиеге 10 рет еңкейіп алуын айтуы;
— Шешуі, аз жұмысқа қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың дегенді осы мақалдан көруге болады.
Жоғарыда көрсетілген шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың зерттеу дағдылары дамиды. Олар алған білімін өмірде қолдана білуге үйренеді.
Осындай жұмыстарға тұйық мінезді немесе үлгерімі нашар оқушылар көптеп тартылады. Шығармашылық қабілеттері ашылады. Тіптен, оларды жетекші (спикер) етіп тағайындасақ, ол оқушылардың жауапкершілігі туындап, пәнге деген қызығушылығы артады.
Сабақ үстінде ұйымдастырылатын графикалық органайзерлер нәтижесінде оқушылардың бойынан мына өзгерістерді байқаймыз:
— ең алдымен, ынтымақтастыққа үйренеді, яғни жеке, жұппен, топпен жұмыс істеудің маңызын біледі;
— өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді, озық идея айтуға, көшбасшы болуға талпынады, яғни сыни ойлауды қалыптастырады;
— өзіне-өзі баға беруге, сыныптастарын бағалай алуға, өзара сыйластыққа үйренеді;
— бір-бірін тыңдауға, талдауға, салыстыруға дағдыланады;
— суреттер арқылы сөйлеуге, пәнге деген қызығушылығы артады.
Соңғы 3 жыл ішіндегі қазақ тілі пәндері бойынша сапа көрсеткіші:
2014-2015 оқу жылы – 54 %
2016-2017- оқу жылы – 66 %
2017-2018 оқу жылының I жартыжылдығында — 70%
Тіл үйретуде графикалық органайзерлер арқылы жұмыстарды тиімді ұйымдастырып, оқушыларды тәуелсіз білім алуға жетелеуге болады. Топпен атқарылып жатқан қызу жұмыс үстінде оқушылар қосымша ақпараттар қабылдап, жаңа сөздер үйренуге талпынады. Топпен атқарылатын жұмыстарға оқушы белсене қатысады.
Қорыта келгенде, тіл үйретуде, мәтін оқытуда графикалық органайзерлердің тиімділігін зор. Оқыту процесінің өзекті мәселелері шеңберіндегі шығармашылық сипаттағы таңдалған тақырыптар әр мұғалімнің көздеген мақсатына қол жеткізу үшін тиімді ізденіс жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып жүргізе білуге мол мүмкіндік туғызады. Мұғалімнің беделі өсіп, білім сапасы жақсарады. Елдің, жердің қамын ойлар жас буын тәрбиеленеді. Олардың білімге, ғылымға деген құлшынысы артады. «Су түбінде асыл тас – жел толқытса шығады, ой түбінде асыл сөз – шер толқытса шығады»,- демекші әрбір оқушының ой-өрісін кеңейтуге, тілге деген құрметті дәріптеуге, ең асыл деген адами құндылықтарды бойларыңа сіңдіруге тырысамын. Әлі де биік шыңдарды бағындыруға, құзыреттілігі жоғары маман иесі болуға талпынамын.

Жаркина Әсел Бақытжанқызы, Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы «Тоқшын мектеп — гимназия» КММ қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі